Жарияланған күні: 08.09.2025

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы ведомстволарының үшжақты кездесуі өтті

«ЖЭКҚ жөніндегі ҚЕАО» ЖШС Бас директоры Гүлжан Нәлібаева және Жоспарлау және дамыту департаментінің директоры Замира Ахметова Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өткен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы ведомстволарының үшжақты кездесуіне қатысты. Қазақстан делегациясын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бастап барды.

Басқосу нәтижесінде өңірдің су-энергетикалық теңгерімін реттейтін бірқатар хаттамаларға қол қойылды. Негізгі құжатта Тоқтағұл су қоймасынан су жіберуді қамтамасыз ету бойынша тараптардың міндеттемелері нақты көрсетілді. Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Аталған шаралар су қоймасындағы су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұруға және алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Сапар аясында екіжақты келіссөздер де жүргізілді. Өзбекстан тарапы 2026 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанға шамамен 900 млн кВт-сағ. көлемінде электр энергиясын жеткізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Бұл келісім еліміздің оңтүстік аймағында энергия тапшылығын болдырмауға бағытталған.

Жасалған келісімдер вегетациялық маусымға болжамды су қорын жинауға қолайлы жағдай жасайды. Бұл – еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аграрлық сектор үшін маңызды фактор.

Ақпарат көзі: @ministry_of_energy