Ташкент қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетикалық ведомстволары басшыларының алдағы вегетациялық кезеңде тұрақты су-энергетикалық қамтамасыз ету мәселелеріне арналған келіссөздері өтті. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы екі айға Тоқтоғұл су қоймасынан су жіберудің келісілген көлемі мен режимін бекітетін үш жақты хаттамаға қол қойылды.
Қазақстандық делегация құрамында келіссөздерде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Делегация құрамына «ЖЭКҚ жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС Бас директоры Арман Жаңабаев және Электр энергиясы нарығы департаментінің директоры Дәурен Өміртаев қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе оңтүстік өңірлерін вегетациялық кезеңінде қажетті су көлемімен қамтамасыз ету болды. Қол қойылған хаттама Тоқтоғұл су қоймасынан су жіберудің келісілген кестелерін сақтауды көздейді, бұл суару маусымының бастапқы кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз етуге және аграрлық сектор үшін су ресурстары тапшылығының тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жазғы су ағындарын сәтті үйлестіруге мемлекеттердің маусымаралық бірлескен жұмысы ықпал еткені атап өтілді. 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың сәуірі аралығында Қазақстан Қырғыз Республикасының энергия жүйесіне 1 560 млн кВтсағ астам көлемде электр энергиясын қарсы жеткізуді жүзеге асырды, бұл Тоқтоғұл су қоймасында қосымша су көлемін сақтауға мүмкіндік берді.
Бейінді ведомстволар басшыларының кезекті кездесуі Бішкекте жоспарланған, онда тараптар ағымдағы жылдың шілде, тамыз және қыркүйек айларына су жіберу режимдері мен көлемін келісуге ниетті.