Жарияланған күні: 22.06.2026

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі хаттамаға қол қойды

Бішкек қаласында су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл және өңірлік энергия жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы су-энергетика ведомстволары басшыларының үшжақты кездесуі өтті.

Қазақстандық делегация құрамында іс-шараға «ЖЭКҚ жөніндегі ҚЕАО» ЖШС Бас директоры Арман Шайханов және Электр энергиясы департаментінің директоры Дәурен Өміртаев қатысты.

Кездесу барысында тараптар электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың, су ресурстарын ұтымды пайдаланудың, сондай-ақ алдағы вегетациялық кезең мен күз-қыс маусымындағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестірудің өзекті мәселелерін қарады.

Талқылау шеңберінде электр энергиясын жеткізу, мемлекетаралық ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ су-энергетикалық режимдерді үйлестіру мәселелері қозғалды.
Орталық Азияның энергетикалық кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін әріптестікті одан әрі дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың одан әрі бағыттарын айқындайтын хаттамаға қол қойды.