Жарияланған күні: 30.10.2026

Ержан Ертаев «ЖЭКҚ жөніндегі ҚЕАО» ЖШС Байқаушы кеңесінің төрағасы болып сайланды

«Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС Байқаушы кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ержан Ерболұлы Ертаев Серіктестіктің Байқаушы кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Ержан Ертаев электр энергетикасы және мемлекеттік басқару салаларында көпжылдық жұмыс тәжірибесіне ие. Әр жылдары Павлодар облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде, «Самұрық-Энерго» АҚ-да басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Сондай-ақ «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ін басқарған.

2024–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі болып тағайындалды.

Байқаушы кеңесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және «ЖЭКҚ жөніндегі ҚЕАО» ЖШС-нің ішкі құжаттарында айқындалған өз құзыреті шегінде Серіктестік қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.