Жарияланған күні: 02.05.2024

Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту жобасы: Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан Энергетика министрлігінің басшылары меморандумға қол қойды

«Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының» бас директоры Гүлжан Нәлібаева қазақстандық делегациясының құрамында Ташкентте өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысты.

Іс-шара шеңберінде Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан энергетика министрліктерінің басшылары үш мемлекеттің энергетикалық жүйелерін жүйеаралық біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат қатысушылардың жасыл энергия саудасын жүзеге асыра отырып, Каспий теңізінің түбіне жоғары вольтты кабель төсеу арқылы энергия жүйелерін қосу мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті екенін көрсетеді.  

«Техникалық тапсырма шеңберінде халықаралық трансмиссиялық дәліздерді дамыту және Еуропалық Одақ елдеріне жасыл энергияны сату үшін болжамды бизнес-модель әзірленетін болады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде үш елдің энергетика министрліктері арасында Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум жобасы пысықталды», - деді А. Сәтқалиев.

Қазақстан Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, бүгінгі таңда осы жобаны іске асырудың базалық тәсілдері талқыланып, келісілді және қазақстандық ведомство одан әрі толыққанды өзара іс-қимылға толық дайын.