Жарияланған күні: 03.04.2026

Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қатысуымен Қамбар-Ата-1 ГЭС-ін салу бойынша келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті

Бішкекте  Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы делегациялары арасында келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті. Тараптар Қамбар-Ата-1 гидроэлектр станциясын (ГЭС-1) салу жобасын іске асыру туралы Үкіметаралық келісім жобасын талқылады.

Қаржы-есеп айырысу орталығының атынан қазақстандық делегация құрамында келіссөздерге «ЖЭКҚ жөніндегі ҚЕАО» ЖШС Бас директорының орынбасары Жеңіс Дюсенов қатысты.

Қамбар-Ата-1 ГЭС жобасы энергетика саласындағы стратегиялық маңызы бар өңірлік бастама болып табылады. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған және Қырғыз Республикасының аумағындағы Нарын өзенінде белгіленген қуаты 1880 МВт болатын гидроэлектр станциясын салуды көздейді.

Келіссөздер Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың, Қырғыз Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Алтынбек Рысбековтің және Өзбекстан Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Умид Мамадаминовтың тең төрағалығымен өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Үкіметаралық келісім жобасының ережелерін келісу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін қуаттады. Келіссөздердің келесі кезеңі 2026 жылдың сәуір айында Ташкент қаласында өтеді деп жоспарланған.

Ақпарат көзі: https://t.me/Minenergokz